Ризабек Айтмұхан Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды

Ризабек финалда қарсыласын 10:0 есебімен ойсырата жеңді.

Ризабек Айтмұхан Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды ашық дереккөзден

Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогі өз мәресіне жетіп, ерлер арасындағы бәсекелер тартысты белдесулерге толы болды. Турнирдің ең басты кездесулерінің бірі - 97 келі салмақта өткен финал болды.

Финалда Астана қаласының намысын қорғаған Ризабек Айтмұхан мен Шығыс Қазақстан облысының балуаны Нұрдәулет Бекенов өзара мықтыны анықтады. Белдесу басталысымен-ақ Айтмұхан жоғары қарқын көрсетіп, қарсыласының арқасына шығып алғашқы ұпайын еншіледі. Одан кейін ол белден асыра жасалған әдіспен басымдығын күшейтіп, бірінші кезеңді 4:0 есебімен аяқтады.

Екінші кезеңде де кездесудің сценарийі өзгерген жоқ. Ризабек қарсыласының аяғына өтіп, тағы да ұпай жинап, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Шабуылдарын үдеткен астаналық балуан қарсыласының қорғанысын бірнеше рет бұзып, белдесуді толық бақылауда ұстады. Соңғы сәтте айқын басымдық танытып, накат әдісі арқылы кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады - 10:0.

Осылайша, Ризабек Айтмұхан Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды. Айта кетейік, ол 2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында да топ жарып, ересектер арасында әлем чемпионы атанған болатын.

Қазақстан кубогінің басқа салмақ дәрежелерінде де жеңімпаздар анықталды. 61 келіде Абай облысының өкілі Аллан Оралбек, 57 келіде Жамбыл облысынан Нұрданат Айтанов, ал 74 келіде Алматы қаласының балуаны Нұрқожа Қайпанов жеңіс тұғырына көтерілді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу