Хаби Алонсо ресми «Челсидің» жаңа бас бапкері атанды
«Челси» Хаби Алонсомен 4 жылдық келісім-шартқа қол қойды.
ашық дереккөзден
Лондондық «Челси» клубы жаңа бас бапкердің есімін ресми түрде жариялады. Команданы енді испаниялық маман Хаби Алонсо жаттықтырады. 44 жастағы бапкер ағылшын клубымен төрт жылдық келісімшартқа қол қойып, қызметіне 1 шілдеден бастап кіріседі.
Алонсоның соңғы жұмыс орны мадридтік «Реал» болды. Ол клубтан 2026 жылдың қаңтарында кеткен еді. Бұған дейін испаниялық маман германиялық «Байерді» баптап, клуб тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірін өткізді. Оның жетекшілігімен команда Германия чемпионатын, Кубогын және Суперкубогын жеңіп алды.
Сонымен қатар Хаби Алонсо «Реал Сосьедадтың» екінші командасын және «Реалдың» жасөспірімдер ұжымын жаттықтырған.
2025/26 маусымы «Челси» үшін өте ауыр өтті. Лондондық клуб маусым барысында екі бірдей бас бапкермен қош айтысты. Қаңтарда Энцо Мареска қызметінен кетсе, сәуірде Лиам Росеньор да жұмыстан босатылды. Қазір команданы маусым соңына дейін уақытша бапкер Калум Макфарлейн жаттықтыруда.
36 турдан кейін «Челси» Англия Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 49 ұпаймен тоғызыншы орында тұр. Клуб басшылығы Хаби Алонсоның келуімен команда қайтадан жоғары орындар үшін таласады деп үміттенеді.