Нұрасыл Төлебек Сербия төрінде топ жарды

“Belgrade Winner” турнирінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медальға қол жеткізді.

Нұрасыл Төлебек Сербия төрінде топ жарды boxingkazakhstan

Сербия астанасы Белградта өткен дәстүрлі халықаралық  “Belgrade Winner” турнирінде қазақстандық боксшылар жарқын өнер көрсетті. Еуропадағы ең беделді әрі тарихы терең жарыстардың бірі саналатын додада Қазақстан құрамасы бірнеше жүлдеге қол жеткізді.

Турнирдің басты сенсацияларының бірін 60 келі салмақтағы Нұрасыл Төлебек жасады. Қазақ боксшысы жарыс барысында төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Финалда ол кубалық Луис Энрике Винсентті 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, алтын медаль иеленді.

Нұрасыл жартылай финалда армениялық Эрик Арстамянды 4:1 есебімен жеңсе, ширек финалда канадалық Ааян Кхокарды 5:0 нәтижесімен тізе бүктірді. Ал алғашқы айналымда Түркия өкілі Селахатдин Чинибулактан басым түсті.

Қазақстан құрамасы сапында тағы екі боксшы алтын медаль үшін таласты. 70 келідегі Нұрбек Мурсал мен 90 келідегі Ибрагим Бетаев финалға дейін жеткенімен, шешуші айқаста төрешілердің екіұдай шешімімен қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Сонымен қатар Нұрзат Оңғаров (50 келі), Нұрсұлтан Шілдебай (80 келі), Аян Қалмағанбетов (85 келі) және Аслан Елдібайұлы (+90 келі) қола медаль иеленді.

Айта кетейік, Белградтағы беделді турнирге World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин де арнайы келіп, жарысты тамашалады. Бұл дода жыл сайын әлемнің үздік былғары қолғап шеберлерін жинайтын ең мәртебелі халықаралық турнирлердің бірі саналады. Биылғы турнирге 25 мемлекеттен 200-ден астам боксшы қатысты.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу