Геннадий Головкин Сербияда маңызды келіссөз өткізді
Күні кеше Геннадий Головкин “Belgrade Winner” халықаралық турниріне барған болатын.
olympic.kz
Геннадий Головкин бастаған Қазақстан ҰОК делегациясы бүгін Белградта Сербия ҰОК және елдің Спорт министрлігі өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР ҰОК баспасөз қызметі мәлімдеді.
Келіссөзге ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Сербияның Спорт министрі Зоран Гайич және Сербия ҰОК президенті Деян Томашевич қатысты.
Тараптар Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына, 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына дайындық, жастар спортын дамыту, спортшыларды медициналық қолдау және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар Белградтағы EXPO 2027 көрмесіне дайындық сөз болды. Қазақстан тарапы EXPO 2017 өткізу тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында екі ел олимпиадалық спорттағы байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жалғастыруға келісті.