Елизавета Матвеева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Сары құрлық бәсекесіне 19 елден 108 атлет қатысып жатыр.

Елизавета Матвеева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды ашық дереккөзден

Қытайдың Чунцин қаласында жеңіл атлетикадан секіру санаты бойынша алғаш рет ұйымдастырылған Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Елизавета Матвеева жүлдегерлер қатарына енді.

Биіктікке секіру сайысында Матвеева 180 сантиметр нәтижесін көрсетіп, құрлық біріншілігінің қола медалін иеленді. Дәл осындай көрсеткішпен Гонконг өкілі Чуй Ван Я да үшінші орынға тұрақтады.

Алтын медаль Өзбекстан спортшысы Барнохон Сайфуллаеваға бұйырды - 183 см. Күміс жүлдені қытайлық Лю Цзявень жеңіп алды - 180 см.
19 мамыр күні өтетін жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасы сапынан тағы екі спортшы финалда бақ сынайды. Үш қарғып секіруден Мария Ефремова өнер көрсетсе, сырықпен секіруден Полина Иванова жүлдеге таласады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу