Қазақстандық ауыр атлеттер Азия чемпионатын бір қола медальмен аяқтады
Турнирде 28 елден келген 172 спортшы сынға түсті.
Ауыр атлетикадан Үндістанның Гандинагар қаласында өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Құрлықтық додада Қазақстан құрамасының намысын төрт спортшы қорғады.
Қазақстандық ауыр атлеттердің арасынан 88 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Александр Уваров серпе көтеруде 165 келіні бағындырып, қола медаль иеленді. Ал қос сайыс қорытындысында 365 (165+200) келі нәтижемен бесінші орынға тұрақтады.
110 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сұлтан Мейрам жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Ол 375 (171+204) келі нәтижемен төртінші орын алды.
Сондай-ақ 88 келі салмақтағы Әлібек Рахымберді 349 (158+191) келімен сегізінші сатыға жайғасты.
79 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Петр Хребтов Азия чемпионатын 335 (150+185) келі көрсеткішпен бесінші орынмен аяқтады.