XDS Astana Development Team әлемдік рейтингте үздік үштікке енді

Команданың рейтингтегі серпілісіне соңғы нәтижелер үлкен әсер етті.

XDS Astana Development Team әлемдік рейтингте үздік үштікке енді ашық дереккөзден

Қазақстандық XDS Astana Development Team халықаралық аренада тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Халықаралық велосипедшілер одағы жаңартқан апталық рейтингте қазақстандық ұжым құрлықтық командалар арасында үздік үштікке енді.

Қазіргі таңда XDS Astana Development Team 878.5 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Команданың алдында тек тайландтық Roojai Insurance Winspace (1167.33 ұпай) және қытайлық Li Ning Star (951.33 ұпай) клубтары орналасқан. Айта кетейік, бұл екі команда негізінен Азия жарыстарына қатысса, қазақстандық ұжым әлдеқайда бәсекелі еуропалық жарыс күнтізбесіне басымдық береді.

Команданың рейтингтегі серпілісіне соңғы нәтижелер үлкен әсер етті. Италиялық велошабандоз Алессио Делле Ведове «Арверди трофеосы» біркүндік жарысында жеңіске жетсе, қазақстандық Артем Фофонов беделді «Венгия туры» көпкүндігінде алғашқы ондыққа еніп, оныншы орын алды.

Маусым барысында команда сапында ең көп ұпай жинаған спортшылар қатарында қазақстандық Мансур Бейсембай көш бастап тұр. Оның еншісінде 153.33 ұпай бар. Сонымен қатар италиялық Маттео Скалко 130 ұпай жинаса, тағы бір қазақстандық велошабандоз Михаил Подлужный 110 ұпаймен команданың табысына зор үлес қосып келеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу