Қазақстандық жас талант Ла Лига клубының негізгі құрамына шақырту алды

Биылғы маусымда Алдияр Нұрғали Испанияның жасөспірімдер чемпионатында 24 матч өткізіп, 9 гол соқты.

Қазақстандық жас талант Ла Лига клубының негізгі құрамына шақырту алды instagram: aldiyar_nurgali

Қазақстан футболында тағы бір жарқын есім пайда болды. Қазақстандық жартылай қорғаушысы Алдияр Нұрғали алғаш рет Испанияның Ла Лигасында өнер көрсететін «Леванте» клубының негізгі командасымен жаттығуға қатысты.

18 жастағы қазақстандық футболшы бұл жаңалығымен әлеуметтік желіде бөлісіп, негізгі құраммен өткен жаттығудан суреттер жариялады. 

Алдияр Нұрғалидың футболдағы жолы Астанада басталған. Ол 2015-2021 жылдары «Астана» клубының жүйесінде тәрбиеленіп, кейін алматылық «Қайраттың» академиясында шеберлігін шыңдады.

2023 жылдың қаңтарында жас футболшы Испанияға аттанып, «Хисторикс Валенсия» командасында ойнады. Ал 2024 жылы «Леванте» жүйесіне қосылып, араға бір жыл салып испан клубымен толыққанды келісімшартқа қол қойды.

Қазақстандық жанкүйерлер енді Алдиярдың болашақта Ла Лига матчтарында алаңға шығуын асыға күтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу