Елдос Сметов Циндаода татамиге қайта оралады
Олимпиада чемпионы Гран-при турнирінде бақ сынайды.
ашық дереккөзден
26-28 маусым күндері Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңі өтеді. Бұл жарыс халықаралық рейтингтік турнирлердің топ-санатына жатады және әлемнің үздік дзюдошылары бас қосатын маңызды додалардың бірі саналады. Аталған турнирдің басты жаңалығы - Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің татамиге қайта оралуы.
33 жастағы спортшы Париж-2024 Олимпиадасында тарихи жеңіске жеткеннен кейін алғаш рет ресми жарысқа қатысады. Осы уақытқа дейін ол ешбір халықаралық турнирде өнер көрсеткен жоқ. Халықаралық дзюдо федерациясының мәліметі бойынша, ол Циндаода 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды.
Циндаода өтетін Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы толық құраммен бақ сынайды. Ерлер құрамында 60 келіде Елдос Сметов пен Талғат Орынбасар, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, 73 келіде Бақытжан Абдурахманов пен Ерсұлтан Дүйсенхан, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар мен Әділет Алмат, 90 келіде Айдар Арапов пен Даниил Крылов, 100 келіде Асқар Біржанов пен Бақжан Байтас өнер көрсетеді.
Әйелдер құрамасынан 48 келіде Әбиба Әбужақынова, 52 келіде Меруерт Сәрсенова, 57 келіде Бақыт Құсакбаева, 63 келіде Эсмигүл Куюлова, 70 келіде Ажар Асхат пен Мөлдір Нарынова, 78 келіде Аруна Жангелдина мен Екатерина Токарева, ал 78 келіден жоғары салмақта Аида Тойшыбекова мен Назгүл Маратова татамиге шығады.
Бұл турнир Қазақстан дзюдошылары үшін әлемдік рейтингте маңызды ұпай жинауға және Олимпиада цикліндегі позицияларын нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.