Астанада үстел теннисінен 2027 жылы өтетін әлем чемпионатының ресми таныстырылымы өтті
Үстел теннисінен әлем чемпионаты 2027 жылы 22-30 мамыр аралығында Астанада өтеді.
ttfrk.kz
Бүгін Астанадағы «ADD Table Tennis Center Astana» орталығында үстел теннисінен ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионатының ресми таныстырылымы өтті. Бұл іс-шара Қазақстанның Халықаралық үстел теннисі федерациясының қолдауымен өтетін әлем чемпионатына дайындық аясындағы алғашқы ресми қадам болды.
Таныстырылымға мемлекеттік органдардың өкілдері, БАҚ, спорт қауымдастығы, бизнес және туризм саласының мамандары қатысты.
Іс-шараның ресми бөлігі этно-музыкалық қойылыммен ашылып, Қазақстанның мәдени болмысы мен Астанада өтетін әлемдік доданың символдық мәні көрсетілді. Сондай-ақ ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 ресми туы сахнаға шығарылып, арнайы витринаға қойылды. Бұл сәт чемпионатқа дейінгі кері санақтың басталуын білдіретін маңызды символ. .
Айта кету керек, бұған дейін 2026 жылғы 10 мамырда Лондонда ITTF туын Қазақстанға ресми табыстау рәсімі өткен болатын. Астанадағы шара сол оқиғаның жалғасы ретінде ұйымдастырылды.
Ресми бөлімде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастыру комитетінің өкілдері чемпионаттың дайындық барысы, спорттық және маркетингтік бағыттары туралы ақпарат берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлем чемпионаты Қазақстанның халықаралық имиджі үшін маңызды жоба болмақ. Турнирге әлемнің үздік спортшылары мен мыңдаған жанкүйерлер қатысады деп күтілуде.