Криштиану Роналду әлем чемпионатына қатысады
Криштиану әлем чемпионатына қатысып, тағы бір рекорд жаңартпақ.
Transfermarkt
41 жастағы Криштиану Роналду алтыншы әлем чемпионатына қатысады. Португалия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинес әлем чемпионатына қатысатын кеңейтілген құрамын жариялап, тізімге аңыз шабуылшыны да қосты.
Көпшілік Роналдудың алаңдағы нақты пайдасына күмәнмен қарағанымен, тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеті әлі де ұлттық команда үшін маңызды фактор болып отыр. Егер ол мундиальда алаңға шықса, футбол тарихындағы ең ерекше рекордтардың бірін жаңартпақ.
Португалия құрамасының әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі 1966 жылғы қола медаль. Ол уақытта португалиялықтар үшінші орын үшін өткен матчта Лев Яшин бастаған КСРО құрамасын жеңген еді. Одан кейін команда ұзақ уақыт дағдарысты бастан кешіріп, ірі турнирлерге сирек қатысатын деңгейге түсті.
Алайда 2000 жылдары Португалияда жаңа жұлдыздар буыны қалыптасты. Алдымен Луиш Фигу көш бастаса, кейін ұлттық құраманың дәуірі Криштиану Роналдумен тікелей байланысты болды.
Қазіргі Португалия құрамасы әлемдегі ең мықты ұжымдардың бірі саналады. Қақпада сенімді Диогу Кошта тұр. Қорғаныста Нуну Мендеш, Рубен Диаш және Гонсалу Инасиу секілді жоғары деңгейлі футболшылар бар. Ал жартылай қорғаныста Витинья, Жоау Невеш және Бруну Фернандештің байланысы команданың басты күшіне айналған.
Шабуыл шебінде де таңдау жеткілікті. Рафаэл Леау, Педру Нету, Франсишку Консейсау секілді жылдам әрі креативті ойыншылар кез келген қорғанысқа қиындық туғыза алады. Сондықтан Португалия биылғы әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі екені сөзсіз.
Португалия құрамасының кеңейтілген тізімі:
Қақпашылар: Диогу Кошта («Порту»), Руй Силва («Спортинг»), Жозе Са («Вулверхэмптон»), Рикарду Велью («Генчлербирлиги»).
Қорғаушылар: Жоау Канселу («Барселона»), Диогу Далот («Манчестер Юнайтед»), Матеуш Нуньеш, Рубен Диаш (екеуі де - «Манчестер Сити»), Гонсалу Инасиу («Спортинг»), Ренату Вейга («Вильярреал»), Томаш Араужу («Бенфика»), Нуну Мендеш (ПСЖ), Нелсон Семеду («Фенербахче»).
Жартылай қорғаушылар: Бруну Фернандеш («Манчестер Юнайтед»), Бернарду Силва («Манчестер Сити»), Жоау Невеш, Витинья (екеуі де - ПСЖ), Рубен Невеш («Аль-Хиляль»), Саму Кошта («Мальорка»).
Шабуылшылар: Франсишку Тринкау («Спортинг»), Рафаэл Леау («Милан»), Гонсалу Рамос (ПСЖ), Криштиану Роналду, Жоау Феликс (екеуі де - «Аль-Наср»), Педру Нету («Челси»), Франсишку Консейсау («Ювентус»), Гонсалу Гедеш («Реал Сосьедад»).