Қазақстандық таеквондошы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан таеквондодан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлде түсті.
olympic.kz
-54 келі салмақта ел намысын қорғаған Еркебұлан Еңсегенов құрлық додасының қола жүлдегері атанды. Бұл спортшының ересектер санатындағы Азия чемпионатындағы алғашқы жарысы.
Отандасымыз жарыс жолында Қытай мен Филиппин өкілдерін сенімді түрде жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Финал жолдамасы үшін өткен аса тартысты кездесуде Еркебұлан иорданиялық Жаафар әл-Даудпен күш сынасып, 1:2 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ бүгін Қазақстан құрамасының тағы екі спортшысы жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. U21 санатындағы әлем чемпионы Бейбарыс Қабылан ширек финалда қытайлық Тан Хаомен кездесіп, соңғы секундтарда жеңісті уысынан шығарып алды.
Ал әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдана Құмартаева Оңтүстік Корея спортшысы Ли Юминге жол беріп, жарысты ширек финалда аяқтады.