«Астон Вилла» 44 жылдан кейін Еуропа төрінде топ жарды

Ағылшындық клуб финалда «Фрайбург» командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді.

«Астон Вилла» 44 жылдан кейін Еуропа төрінде топ жарды REUTERS / Isabel Infantes

Англияның «Астон Вилла» клубы өз тарихында алғаш рет Еуропа лигасының жеңімпазы атанды. Бирмингемдік ұжым Түркияның Стамбул қаласындағы «Тюпраш» стадионында өткен финалда Германияның «Фрайбург» командасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.

Матчтағы алғашқы гол 40-минутта соғылды. Бұрыштамадан асырылған допты Юри Тилеманс дәл бағыттап, есеп ашты. Бірінші таймға қосылған қосымша минуттарда Эмилиано Буэндия есеп айырмасын еселей түсті. Ал кездесудің 57-минутында Морган Роджерс үшінші голды соғып, финал тағдырын толық шешті.

Жартылай финалда «Астон Вилла» екі матч қорытындысы бойынша «Ноттингем Форестті» 4:1 есебімен жеңсе, «Фрайбург» португалиялық «Брагадан» 4:3 есебімен басым түскен еді.

Бұл «Астон Вилланың» 44 жылдан кейінгі алғашқы ірі еурокубоктық жетістігі. Бұған дейін клуб соңғы рет 1982 жылы Еуропа чемпиондар кубогын жеңіп алған. Сол финалда ағылшын клубы Германияның «Бавариясын» 1:0 есебімен ұтқан болатын.

Айта кетейік, «Фрайбург» өз тарихында алғаш рет еурокубок финалында өнер көрсетті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу