Алматыда жүлде қоры 5 млн теңгеге бағаланған "Қар барысы - 2026" теннис турнирі өтті

Биыл кортқа 45 жастан жоғары санатындағылар және U14 жас кәсіби теннисшілер шықты.

Алматыда жүлде қоры 5 млн теңгеге бағаланған "Қар барысы - 2026" теннис турнирі өтті Катерина Коваленко

Алматыда Gorky Tennis Park корттарында Қазақстан теннисіндегі ең танымал әуесқой жарыстардың бірі - "Қар барысы" кезекті турнирі мәресіне жетті.

Турнир 16 және 17 мамырда өтіп, 28 жұпты жинады. Алғашқы күні қатысушылар топтық бәсекелер мен 1/8 финалда бақ сынады, екінші күні матчтар ширек финалдан басталды.
"Қар барысының" басты ерекшелігі өзгеріссіз қалып келеді. Мұнда әуесқой тәжірибелі ойыншылар мен жас теннисшілер өнер көрсетеді. Мұндай матчтар олар үшін маңызды тәжірибе болып саналады. Корттарда тағы да бәсекеге толы ойындар, әріптестер қолдауы және нағыз спорттық тартыс болды. 
Биыл турнирдің жүлде қоры рекордтық деңгейге жетіп, 5 000 000 теңгені құрады.
Masters санаты бойынша Арманжан Сүлайманов пен Алдияр Тілеубаев жеңімпаз атанды. Олар 1,8 млн теңге көлемінде бас жүлдені ұтып алды. Сергей Шахворостов пен Евгений Щетников екінші, Роман Марков пен Жасұлан Арыстанбеков үшінші орынға ие болды.
Futures санатында Ахмед Галал мен Фатих Ибрагимов үздік шықты. Күміс Арыстан Әбижанов пен Санжар Болатта, қола Денис Старостенко мен Даниил Назарчуктың еншісінде.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға "Қар барысының" символдары - салмағы 1 унция 999,9 сынамадағы күмістен жасалған дәстүрлі эксклюзив монеталар сыйға тартты. Оған Руслан Ибрагимов, Әділ Мүшекбаев, Ариана Әлімжанова және Әмірхан Қуанышбеков қол жеткізді. 
Дәстүрге сай ұйымдастырушылар турнирдің марапаттау бөлігіне баса мән берді. Қатысушылар кубок, медальдар мен ескерткіш сыйлықтар алды.

Мен үшін ең бағалысы - адамдар, турнир де солардың арқасында мүмкін болып отыр. Осы демалыс күндері кортқа шыққан ойыншылардың барлығына, үлкен жұмысы мен нағыз жарыс ахуалын қалыптастыра білген Азиз Яшар бастаған төрешілер тобының бәріне рахмет айтамын. Gorky Tennis Park командасы - Ардақ Әбижанов, Руслан Ибрагимов, Әсел Алдабергенова және басқаларға мың алғыс. Сондай-ақ турнир үшін қолдан жасалған медальдарды дайындауға қолұшын созған "Квант" ЖК мен Александр Новакқа ризашылығымды білдіргім келеді. Осы адамдардың барлығы ұйымдастыру кезінде детальдарға дейін ден қойып, орасан зор күш-жігер жұмсады. Мұндай жұмысты бір адамның атқаруы мүмкін емес, - деді Владимир Пономарев.

"Қар барысы" бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Осы уақыт ішінде түрлі буын мен деңгейдегі ойыншылардың басын біріктірген Алматыдағы ең танымал әуесқой спортшылар арасындағы теннис турнирлерінің біріне айналды.
Ұйымдастырушылар қазірдің өзінде "Қар барысы" сериясындағы келесі турнирлерді дайындауға кірісті. 2026 жылғы тамызда Gorky Tennis Park корттарында жүлде қоры 15 миллион теңге болатын U18 санатындағы Pro-Am турнирін өткізу жоспарланып отыр. Оның дәл уақытын ұйымдастырушылар кейін хабарлайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу