Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді

Әлем чемпионаты 24-қазанда басталады.

Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді

2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионаты бастапқыда 5-13 қыркүйек аралығында Бахрейнде өтуі тиіс болған. Алайда Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты жарыстың өтетін орны өзгертіліп, Бахрейн турнирді қабылдаудан бас тартты. Осыдан кейін әлем чемпионатын өткізуге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан өтініш берді. Нәтижесінде, халықаралық United World Wrestling ұйымының шешімімен дүбірлі дода Астанада өтетін болды. Сонымен қатар, чемпионаттың мерзімі де өзгеріп, жарыс 2026 жылдың 24 қазаны мен 1 қарашасы аралығына ауыстырылды.

Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының мәліметінше, әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болу - еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделі мен ұйымдастырушылық деңгейінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Халықаралық ұйым өкілдері бірнеше рет Қазақстанға арнайы келіп, спорттық инфрақұрылыммен, халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесімен және дайындық деңгейімен танысқан. Нәтижесінде, дүбірлі доданы өткізу құқығы ресми түрде Астанаға сеніп тапсырылды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу