«Барыс» Райли Уолшпен келісімшартты ұзартты
Америкалық қорғаушы «Барыста» тағы бір маусым өнер көрсететін болды.
ашық дереккөзден
«Барыс» Райли Уолшпен келісімшартты тағы бір маусымға ұзартқанын ресми түрде хабарлады. Жаңа келісім 2027 жылдың 31 мамырына дейін есептелген.
Өткен маусымда 27 жастағы хоккейші ҚХЛ аясында елордалық клуб сапында барлық 68 матчқа қатысып, 46 ұпай (16 гол және 30 нәтижелі пас) жинады. Осы көрсеткіш арқылы Уолш «Барыстың» ең нәтижелі қорғаушысы атанды.
Клубтың бас менеджері Леонид Метальников қорғаушының шабуылдағы ойынына жоғары баға берді.
- Райлидің шабуылдағы шеберлігі өте жоғары. Ол мұны өзінің статистикасымен дәлелдеді. Біз оның команда шабуылына қосқан үлесін бағалаймыз. Сонымен қатар, оның ойынын одан әрі дамытып, команданы күшейте түсетін тұстары бар екенін жақсы түсінеміз, - деді Метальников.
Айта кетейік, Уолш биыл «Барыспен» келісімін ұзартқан үшінші ойыншы. Бұған дейін клуб Қазақстан құрамасының хоккейшілері Кирилл Панюков пен Дінмұхамед Қайыржанмен жаңа келісім жасаған болатын.