Самирхон Абабакиров таеквондодан Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Қазақстан қоржынына екінші жүлде түсті.
olympic.kz
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан таеквондодан ересектер арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғаған Самирхон Абабакиров 63 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.
Қазақстандық спортшы жартылай финалда Иран өкілі Мехди Хаджи Мусаимен кездесті. Қарсыласы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы және Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Тартысқа толы өткен кездесу 0:2 есебімен ирандық спортшының пайдасына аяқталды.
Самирхон жарыс барысында жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Индонезия спортшыларын жеңген еді.
Ал әйелдер арасында 53 келі салмақта сынға түскен Айдана Сүндетбай ширек финалда Сауд Арабиясының тәжірибелі спортшысы Дуниа Әли Абуталебке есе жіберді. Сондай-ақ Акрамат Долгиев, Мейір Нұрғазин, Азиза Қаражанова және Аяулым Асқар жарысты екінші кезеңде аяқтады.