«Ордабасы» Қостанайда ірі жеңіске жетті
«Ордабасы» - биыл чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі.
Ордабасы ФК
Қазақстан Премьер-лигасының 11-туры аясында шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда қостанайлық «Тобылды» 3:0 есебімен жеңді.
Матчтың алғашқы таймындағы шешуші сәттердің бірі 30-минутта орын алды. «Тобыл» қорғаушысы Кирилл Глущенков тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша, қостанайлық клуб кездесудің қалған бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.
Сан басымдығына қарамастан, бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін, 50-минутта румыниялық жартылай қорғаушы Михай Капацына мергендік танытып, «Ордабасыны» алға шығарды.
Матч соңында шымкенттік команда қарсыласын толықтай тізе бүктірді. 84-минутта Жасұлан Әмір есеп айырмасын ұлғайтса, араға үш минут салып дубль авторы атанып, ойынның нүктесін қойды - 3:0.
Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 25 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап тұрған «Қайратқа» барынша жақындай түсті. Оған қоса алматылық командамен салыстырғанда шымкенттік команданың қорында бір ойын бар.