«Бавария» Германия кубогын жеңіп, тарихи рекордын жаңартты

Финалдық матчтың басты қаһарманы Гарри Кейн хет-трик жасады.

«Бавария» Германия кубогын жеңіп, тарихи рекордын жаңартты BeIN Sports

Мюнхеннің «Бавария» клубы Германия футболындағы үстемдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Берлиндегі Олимпиадалық стадионда өткен финалда мюнхендіктер «Штутгартты» 3:0 есебімен жеңіп, Германия кубогын иеленді.

Кездесудің алғашқы таймы голсыз аяқталды. Екінші таймда «Бавария» шабуылды үдетіп, 55-минутта ағылшын шабуылшысы Гарри Кейн есеп ашты. 80-минутта ол дубль авторы атанса, қосымша уақыттың екінші минутында пенальтиден мергендік танытып, хет-трик жасады.

32 жастағы Кейн осы маусымда «Штутгарт» қақпасына тағы үш гол соғып отыр. Бұған дейін Германия чемпионатының 13-туры аясындағы ойында да қарсыласын үш рет қапы қалдырған болатын. Ол кездесуде «Бавария» 5:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жеңіс мюнхендік клубқа Германия кубогын 21-мәрте иеленуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар команда араға алты жыл салып осы жүлдені қайта жеңіп алды.

Бұған дейін «Бавария» мерзімінен бұрын Бундеслиганың чемпионы атанған болатын. Осылайша клуб Германиядағы екі басты турнирде бір маусымда топ жарып, 14-«алтын дубль» рекордын орнатты.

Мюнхендік клуб 2000-жылдардың басынан бері Германия футболында тұрақты көш бастап келеді. Соңғы Бундеслига маусымында команда 122 гол соғып, чемпионат тарихындағы ең нәтижелі маусымдардың бірін өткізді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу