Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады

Елена Рыбакина алғашқы ойында 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады ашық дереккөзден

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Францияның Париж қаласында өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында словениялық Вероника Эрьявецті екі сетте ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.

Кездесу 1 сағат 16 минутқа созылып, 6:2, 6:2 есебімен аяқталды. Матч барысында қазақстандық теннисші екі эйс жасап, бір ғана қос қателік жіберді. Сонымен қатар бес брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланып, өз геймдерін қарсыласына берген жоқ.

Айта кетейік, былтыр Париждегі турнирде Рыбакина төртінші айналымға дейін жеткен болатын. Сондықтан алдағы екі аптада ол рейтингтегі 240 ұпайын қорғауға тырысады. Келесі кезеңде қазақстандық теннисші Украина өкілі Юлия Стародубцевамен кездеседі.

Бүгін Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева да алғашқы айналымдағы матчын өткізеді. Оның қарсыласы аустралиялық Талия Гибсон.

Жұптық сында Қазақстан намысын Анна Данилина қорғайды. Ол сербиялық Александра Круничпен бірге өнер көрсетеді. Алғашқы матчта олар чехиялық Джесика Малечкова мен Мириам Шкох жұбына қарсы ойнайды.

Ерлер арасындағы турнирде Александр Шевченко жекелей сындағы жарысты ерте аяқтады. Қазақстандық теннисші америкалық Алекс Микелсенге үш сет қорытындысы бойынша жол берді - 2:6, 4:6, 2:6. Дегенмен Шевченко Франциядағы жарысын жалғастырады. Ол жұптық сында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Александр Бубликпен бірге ойнайды.

Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жекелей сындағы алғашқы матчын ертең өткізеді. Оның қарсыласы Германия өкілі Ян-Леннард Штруфф. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу