Тарихи жеңіс: Қазақстандық жасөспірімдер алғаш рет FIP Promises турнирінде жеңімпаз атанды

Бұл Қазақстан өкілдерінің International Padel Federation (FIP) жарыстарындағы алғашқы ірі жеңісі.

Тарихи жеңіс: Қазақстандық жасөспірімдер алғаш рет FIP Promises турнирінде жеңімпаз атанды National padel federation

Қазақстандық жасөспірімдер FIP Promises Tbilisi халықаралық турнирінде тарихи табысқа қол жеткізді. 

Бірден екі чемпиондық титулды жеңіп алған Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин турнирдің басты қаһармандарына айналды. 16 жасқа дейінгілер арасында қазақстандық жұп соңғы бәсекеге дейін іркілмей жетіп, финалда грузиялық дуэтті 7:5, 6:0 есебімен тізе бүктірді.

18 жасқа дейінгілер арасындағы дода тіпті ерекше болды, онда екі қазақстандық жұп бірден жартылай финалға дейін жетті:

⁠Арнұр Тұрсынхан / Ислам Дүйсенғазин
Санжар Жуасов / Тимур Ахметов

Қос жұп та жартылай финалды жеңіспен аяқтап, қазақстандық финалда өзара кездесті. Шешуші матчта Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин жеңіске жетті - 6:0, 6:2.

Санжар Жуасов пен Тимур Ахметов турнирді күміс жүлдегер ретінде аяқтады. Осы жетістіктердің арқасында Арнұр жастар арасындағы FIP рейтингінде 16 сатыға көтерілсе, Ислам 17-орынға тұрақтады. 

«Бұл жеңіске өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін ерекше сәт, өйткені Қазақстан FIP турнирлерінде мұндай табысқа алғаш рет қол жеткізді. Федерацияға, бапкерлерге, ата-аналар мен барша командаға қолдауы үшін рахмет. Біз Қазақстан намысын халықаралық аренада қорғағанымыз үшін бақыттымыз», - деді Арнұр Тұрсынхан.

Сондай-ақ Ислам Дүйсенғазин де жарыстан кейін пікір білдірді. 

«Турнир қатысушылары құрамы жағынан өте мықты болды, біз әр матчқа жақсы дайындалдық. Біз бірден екі санат бойынша жеңіске жетіп, Қазақстан паделінің тарихына өз есімімізді жазғанымызға айрықша қуаныштымыз», - деді Ислам Дүйсенғазин.

Айта кетейік, FIP Promises - күллі әлемнің мықты жас ойыншыларының басын қосатын, паделден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирлер сериясы. Тбилисидегі кезең қазақстандық падел үшін нағыз серпіліс болды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу