Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы аяқталды

Стадионның ресми ашылуы 4-маусым күні өтеді.

Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысы аяқталды Астана қаласының әкімдігі

Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа футбол стадионының құрылысы толық аяқталды. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, аты аңызға айналған стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады. Енді спорт нысаны заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылып, жаңа келбетке ие болды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін нысанды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов бірге барып көрген.

Жаңа стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған. Бас прокуратура мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Спорт кешенінің жалпы аумағы 18 мың 951 шаршы метрді құрайды. Стадион UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді және 3600 көрерменге арналған. Нысан заманауи спорттық жабдықтармен және UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сай жасанды жабынмен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Стадионда көрермендер трибунасы, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок, техникалық аймақтар және VIP-ложалар қарастырылған. Сонымен қатар, әкім стадионда жаттығу өткізіп жатқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен де кездесті.

Жоба елордадағы спорт инфрақұрылымын дамытуға және қалалық әрі республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру бойынша заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізілуде. Кейін стадион Астана қаласы әкімдігінің №8 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беріледі.

Стадионның ресми ашылуы 4-маусым күні өтеді. Ашылу салтанаты аясында 2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ұйымдастырылады. Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 15 үздік команда қатысады. Бұл жарыс Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, бұқаралық спортты насихаттауға және жас спортшылардың шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды республикалық дода саналады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу