Қазақстандық гимнаст Азия чемпионатында екі бірдей жүлде жеңіп алды
Ақмарал Ерекешева Бішкекте 1 күміс, 1 қола медаль иеленді.
ашық дереккөзден
Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева сәтті өнер көрсетіп, құрлық додасының күміс және қола жүлдегері атанды.
Жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы ұршық жаттығуының финалында 28.65 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Бұл бағдарламада бірнеше дүркін Азия чемпионы Тахмина Икромова 29.75 ұпаймен топ жарса, тағы бір өзбекстандық спортшы Наталья Усова 28.30 ұпаймен қола медаль иеленді.
Сонымен қатар Ақмарал шығыршықпен жаттығу финалында да жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық спортшы 28.50 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Алтын жүлдені тағы да Тахмина Икромова жеңіп алса, күміс медаль Қытай өкілі Ван Цзылу еншісіне бұйырды. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының финалисі бұл сында 28.90 ұпай көрсетті.
Айта кетейік, Бішкектегі Азия чемпионатының жекелей сынында 17 елден келген 30-дан астам мықты гимнаст бақ сынауда. Бұл турнир күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі саналады.