Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоровтың мәлімдемесіне ресми түсініктеме берді

Мемлекет тарапы спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайтыны белгілі болды.

Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоровтың мәлімдемесіне ресми түсініктеме берді olympic.kz

Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін күтпеген қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді. Миланда өткен 2026 жылғы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы қазір жалақысыз қалғанын айтты. 

Михаилдың сөзінше, Олимпиададан кейін жаңа маусымға дайындық басталуы керек еді. 

«Қазір келесі маусымға дайындалуым керек. Бірақ қалай дайындалатынымды түсінбеймін. Жаттығу жиындары жоспарланған, бағдарламаны қою уақыты да белгіленген. Бірақ оның ақысы төлене ме, жоқ па - нақты жауап жоқ. Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа пікірде. Маған жағдай мүлде түсініксіз», - деді спортшы подкасттардың бірінде.

Шайдоров бұл жағдай өзінің Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін басталған болуы мүмкін екенін де жасырмады. Бұған дейін ол Олимпиададан кейін өзінің жалақысы жарияланғанына көңілі толмаған. 

«Мен бұл туралы теріс пікір айтқаннан кейін, мені жазалағысы келген сияқты. Жеңістен бері жалақы алмай жүрмін. Ал 1-ақпаннан бастап дәрігерімді де алып тастады. Бұл түсініксіз жағдай», - деді олимпиада чемпионы.

Осы ақпараттардан кейін ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы ресми мәлімдеме жасады. 

ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға жалақыны қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындықтың бекітілген шарттарына сәйкес төлейді.

Михаил Шайдоровқа қатысты айтар болсақ, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленді.

2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған болатын. Жаңа келісімшартта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр.

Мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындық жүйесіне кіретін барлық спортшыға қолданылады және ұзақ мерзімді мемлекеттік қаржыландырудың қалыпты тәртібі саналады.
Сонымен қатар мемлекет спортшыны олимпиадалық жетістігі үшін ынталандыруға қатысты өз міндеттемелерін толық орындайды деп атап өтеміз. 

Олимпия ойындарының алтын медалін жеңіп алғаны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған, - делінген мәлімдемеде. 

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлап, ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшылардың бірі болды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу