«Қайрат» «Бәйтеректі» жарыс жолынан шығарды
Алматылықтар ірі есеппен жеңіске жетті.
Қайрат АФК
«Қайрат» футзалдан Қазақстан чемпионатында плей-оффтың ширек финалындағы екінші матчта «Бәйтерек» командасын 7:3 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Кездесудің есебін қонақтар ашты. Матчтың үшінші минутында Әділет Булатов мергендігімен көзге түсті. Алайда араға бір минут салып алматылықтар таразы басын теңестірді. Алдымен Кайо Руиз есепті теңестірсе, артынша Жахангир Рашит «Қайратты» алға шығарды. Кейін Эдсон Сантос командасының басымдығын арттырды.
Бірінші таймның соңына дейін командалар тағы екі голмен алмасты. «Бәйтерек» сапында Кирилл Аншаков гол соқса, ал алаң иелері сапынан Эдсон Сантос дубль авторы атанды.
Екінші таймда Аршат Сәтжан есеп айырмасын қысқартқанымен, кейін ойын тізгінін толықтай «Қайрат» өз қолына алды. Қалған голдарды Рафао, Кайо Руиз және Жоау Паулу соқты - 7:3.