“Оқжетпес” пен “Ақтөбе” ұпай бөлісті

Бүгінгі ойында жас талант Латурнус алғаш рет дубль жасап, көзге түсті.

“Оқжетпес” пен “Ақтөбе” ұпай бөлісті Виталий Латурнус жеке парақшасынан

Көкшетауда өткен Қазақстан премьер-лигасының 12-тур матчында “Оқжетпес” пен “Ақтөбе” жеңімпазды анықтай алмай, 2:2 есебімен тең тарқасты.

Ойынның алғашқы қауіпті сәттерінің бірінде алаң иелері есеп ашты. 32-минутта Бектемір Абдуманнонов шабуылды сәтті аяқтап, көкшетаулық жанкүйерлерді қуантты. Бірақ “Ақтөбе” көп күттірмей жауап қайтарды. Араға небәрі үш минут салып, 17 жастағы Виталий Латурнус мергендігімен көзге түсіп, ересектер арасында алғашқы голын соқты.

Екінші таймда жас шабуылшы тағы да көзге түсті. 61-минутта Латурнус дубль авторы атанып, қонақтарды алға шығарды. Матч соңына дейін есеп өзгермейтіндей көрінгенімен, “Оқжетпес” мінез танытты. Қосымша уақыттың бесінші минутында бұрыштамадан көтерілген допты Борис Лотоцкий қақпаға дәл бағыттап, командасын жеңілістен құтқарды.

Осылайша, тартысқа толы кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Турнирлік кестеде “Оқжетпес” 23 ұпаймен үздік үштіктегі орнын сақтаса, “Ақтөбе” 16 ұпаймен жетінші орында қалып отыр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу