Анна Данилина «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты
Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастады.
ktf.kz
Әлемдік жұптық рейтингте алтыншы орында тұрған қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың алғашқы айналымында чехиялық Джессика Малечкова мен Мириам Шкохтан басым түсті.
Екінші нөмірмен тіркелген Данилина мен Крунич матчтың алғашқы геймдерінен бастап бастаманы өз қолына алып, шешуші сәттерде сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде олар қарсыластарын екі сетте - 6:4, 6:1 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды.
Енді қазақстандық-сербиялық жұп екінші айналымда Аустралия өкілі Майя Джойнт пен бельгиялық Хенне Вандевинкельге қарсы ойнайды.
Сонымен қатар Анна Данилина аралас жұптар сайысында да бақ сынайды. Бұл турнирде оның серіктесі америкалық Джей-Джей Трэйси болады.