Бибісара Асаубаева Norway Chess Women турнирінде көш бастады
Бибісара Асаубаева төртінші турда әлем чемпионын жеңді.
KazChess
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан Norway Chess Women-2026 турнирінің төртінші турында кезекті жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз қазіргі әлем чемпионы, Қытай өкілі Цзюй Вэньцзюньмен кездесіп, тартысты бәсекеде басым түсті.
Негізгі партия тең нәтижемен аяқталғаннан кейін шахматшылар қосымша ойын өткізді. Шешуші сында ақ тастармен ойнаған Асаубаева қарсыласынан айласын асырып, небәрі 6 минут 23 секундта жеңіске жетті.
Осы нәтижеден кейін қазақстандық шахматшы 1,5 ұпай еншілеп, жалпы 7 ұпаймен турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды.
Төрт тур қорытындысы бойынша Бибісараның ең жақын қарсыласы үндістандық Дивья Дешмух. Оның еншісінде 5,5 ұпай бар. Ал Украина өкілі Анна Музычук пен Қытай шахматшысы Чжу Цзиньэр бес ұпайдан жинап, көшбасшылар қатарында келеді.
Norway Chess Women турнирі әлемнің үздік шахматшыларын жинаған беделді жарыстардың бірі саналады. Бибісара Асаубаева әзірге тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін айта кетейік.