Месси мансабында алтыншы әлем чемпионатына қатысады
Аргентина құрамасы мундиальға арналған құрамын жариялады.
ашық дереккөзден
Аргентина футбол құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын ойыншылар тізімін ресми түрде жариялады. Команданың басты жұлдызы, 38 жастағы шабуылшы Лионель Месси ұлттық құрамамен алтыншы рет әлем біріншілігінде өнер көрсетпек.
Тәжірибелі футболшы бұған дейін 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарына қатысқан. Әсіресе, 2022 жылғы Катардағы мундиаль Месси үшін ерекше болды. Ол Аргентина құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Қазіргі әлем чемпиондары - Аргентина құрамасы топтық кезеңде Алжир, Австрия және Иордания құрамаларымен сынға түседі.
Бас бапкер Лионель Скалонидің таңдауы бойынша құрамға қақпашылар Хуан Муссо, Херонимо Рульи және Эмилиано Мартинес енді. Қорғаныс шебінде Леандро Балерди, Николас Тальяфико, Гонсало Монтьель, Лисандро Мартинес, Кристиан Ромеро, Николас Отаменди, Факундо Медина және Науэль Молина өнер көрсетеді.
Жартылай қорғаушылар қатарында Леандро Паредес, Родриго де Пауль, Валентин Барко, Джовани Ло Чельсо, Эксекиэль Паласиос, Алексис Мак Аллистер және Энцо Фернандес бар.
Ал шабуыл шебінде Хулиан Альварес, Лионель Месси, Николас Гонсалес, Тьяго Альмада, Джулиано Симеоне, Николас Пас және Лаутаро Мартинес команда намысын қорғайды.
Осылайша, Лионель Месси өзінің мансабындағы алтыншы әлем чемпионатына қатысып, Аргентина құрамасымен чемпиондық титулды қорғауға мүмкіндік алады.