Қазақстандық спортшы суда жүзуден әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды
Алдияр Рамазанов Әлем кубогында екінші қола жүлдесін жеңіп алды.
olympic.kz
Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан көркем жүзуден Әлем кубогының төртінші кезеңінде Қазақстан құрамасының спортшысы Алдияр Рамазанов тағы бір жүлде еншіледі.
Ерлер арасындағы техникалық бағдарламаның жекелей сайысында өнер көрсеткен отандасымыз 223,0833 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Осылайша, Алдияр жарыстың қола медалін жеңіп алды.
Бұл бағдарламада алтын жүлде италиялық Филиппо Пелатиге бұйырса, күміс медальді алаң иесі Энеко Санчес Агилар иеленді. Қазақстанның тағы бір өкілі Виктор Друзин 203,5667 ұпаймен төртінші нәтиже көрсетті.
Айта кетейік, Алдияр Рамазанов бұл жарыстағы алғашқы жүлдесін бұған дейін аралас жұптық сынның техникалық бағдарламасында жеңіп алған болатын. Ол Ясмина Исламовамен бірге қола медальға қол жеткізді.
Понтеведрадағы Әлем кубогының кезеңіне 29 елден 208 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын 22 спортшы қорғап жатыр. Халықаралық жарыс 31 мамыр күні аяқталады.