Будапешттегі футбол кеші: «ПСЖ» мен «Арсенал» чемпиондықты сарапқа салады
Бүгін кеште Еуропаның ең беделді клубтық турнирі - Чемпиондар лигасының финалы өтеді.
UEFA
Бүгін кеште Еуропаның ең беделді клубтық турнирі - Чемпиондар лигасының финалы өтеді. Венгрияның Будапешт қаласындағы «Пушкаш Арена» стадионында Францияның «ПСЖ» және Англияның «Арсенал» командалары бас жүлде үшін таласады.
Финал тек чемпиондық атақ үшін ғана емес, екі түрлі футбол философиясының тартысы ретінде де қызығушылық тудырып отыр. «ПСЖ» Еуропадағы ең қауіпті шабуыл шебінің біріне ие болса, «Арсенал» турнирдегі ең сенімді қорғанысымен ерекшеленеді.
Луис Энрике жаттықтыратын париждік клуб биылғы Чемпиондар лигасында 44 гол соқты. Хвича Кварацхелия, Усман Дембеле және Дезире Дуэ үштігі қарсыластарға үлкен қауіп төндіріп келеді. Сонымен қатар, «ПСЖ» соңғы жылдары ағылшын клубтарына қарсы сәтті ойын көрсетіп, «Ливерпуль», «Астон Вилла», «Челси» және «Арсеналды» жеңген болатын.
Француз клубының тағы бір артықшылығы - ойыншылардың физикалық дайындығы. Луис Энрике маусым бойы құрамды жиі алмастырып, негізгі футболшылардың күшін маңызды кездесулерге сақтай білді. Бұл финал алдындағы маңызды факторлардың бірі саналады.
Ал Микель Артета баптайтын «Арсенал» маусым бойы жоғары қарқынды сақтап, Англия Премьер-лигасындағы чемпиондық жарыста соңына дейін күресті. Соның салдарынан лондондық клубтың көшбасшылары алаңда көп уақыт өткізді. Дегенмен, бұл командаға Чемпиондар лигасында кедергі болмады.
«Арсенал» биылғы турнирде бірде-бір рет жеңілген жоқ. Команда 14 матчта 11 жеңіс пен 3 тең нәтиже тіркеп, тоғыз ойында қақпасын голдан аман сақтады. Бұл көрсеткіш олардың қорғанысының мықтылығын айқын көрсетеді.
Осылайша, Чемпиондар лигасының жаңа жеңімпазы анықталатын тартысты матч жанкүйерлерге үлкен футбол мерекесін сыйламақ. Кездесу бүгін, 30 мамыр күні сағат 20:45-те басталады.