Швейцария хоккейден әлем чемпионатының финалына шықты
Швейцария құрамасы финалда Канада мен Финляндия арасындағы екінші жартылай финал жеңімпазымен кездеседі.
Getty Images
Хоккейден әлем чемпионатының жартылай финалында турнир қожайыны Швейцария құрамасы өз жанкүйерлері алдында Норвегияны ойсырата жеңіп, финалға жолдама алды.
Цюрих қаласында өткен кездесуде швейцариялықтар қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, 6:0 есебімен басым түсті. Осылайша Швейцария құрамасы қатарынан үшінші жыл әлем чемпионатының финалына шығып отыр.
Соңғы жылдары швейцариялықтар шешуші матчтарда мол тәжірибе жинақтады. Олар 2024 жылы жартылай финалда Канаданы 3:2 есебімен жеңсе, 2025 жылы Данияны 7:0 есебімен тас-талқан еткен болатын. Алайда әзірге әлем чемпионы атану бақыты бұйырмай келеді. Екі жыл бұрын финалда Чехиядан 0:2 есебімен жеңілсе, өткен жылы АҚШ құрамасына овертаймда 0:1 есебімен жол берген еді.
Биылғы әлем чемпионатында да Швейцария өте сенімді ойын көрсетіп келеді. Топтық кезеңде жеті матчтың барлығында негізгі уақытта жеңіске жетіп, Ұлыбритания мен Аустрияны 9:0 есебімен ұтып, турнирдегі ең ірі жеңістердің авторы атанды.
Жартылай финалда есепті 18-минутта Свен Берчи ашты. Екінші кезеңде Денис Мальгин мен Тайлер Ягер мергендік танытып, есеп айырмасын ұлғайтты. Кейін Андрес Амбюльдің командасы басымдықты толық пайдаланып, Дамьен Риат пен Нико Хиширдің голдарының арқасында есепті 5:0-ге жеткізді. Матчтың соңғы нүктесін 58-минутта Рошетт қойып, ойын 6:0 есебімен аяқталды.
Енді Швейцария құрамасы финалда Канада мен Финляндия арасындағы екінші жартылай финал жеңімпазымен кездеседі. Швейцариялықтар үшін бұл әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алу мүмкіндігі болмақ.