Аружан Сағындықова ITF турнирінің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова Өзбекстан өкілі Севиль Юлдашева екеуі Арменияның Цахкадзор қаласында өткен ITF W15 сериялы турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды.

Аружан Сағындықова ITF турнирінің чемпионы атанды Аружан Сағындықова/instagram

Финалдық кездесуде қазақстандық-өзбекстандық дуэт Италия теннисшісі Джиневра Парентини мен Иран өкілі Мешкатолжара Сафиден басым түсті. Сағындықова мен Юлдашева қарсыластарын екі сетте 7:5, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңіп, чемпиондық атақты иеленді.

Жарыс барысында бірінші нөмірмен тіркелген жұп өздерінің фаворит мәртебесін толық ақтады. Жартылай финалда олар ресейлік Кристина Кроитор мен Дарья Кузнецованы 6:4, 6:4 есебімен ұтып, финалға жолдама алған болатын.

Айта кетейік, ITF W15 турнирі 25-31 мамыр аралығында Арменияның Цахкадзор қаласында өтуде. Жарыстың жалпы жүлде қоры 15 мың АҚШ долларын құрайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу