Зейнолла Ыдырысов Коперде үздіктер қатарынан көрінді
Зейнолла Ыдырысов халықаралық турнирде күміс медаль иеленді.
ашық дереккөзден
Словенияның Копер қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Challenge Cup халықаралық турнирінде қазақстандық Зейнолла Ыдырысов ел қоржынына күміс медаль салды.
Тұтқалы ат жаттығуындағы финалда өнер көрсеткен отандасымыз жоғары деңгейдегі шеберлігін паш етіп, 14.133 ұпай жинады. Бұл нәтиже оған жарыстың күміс жүлдесін иеленуге мүмкіндік берді.
Аталған сында хорватиялық Матео Зугец 14.166 ұпаймен чемпион атанса, Ұлыбритания спортшысы Джошуа Натан 14.100 ұпай жинап, қола жүлдеге қол жеткізді.
Финалда Қазақстанның тағы бір өкілі, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов та бақ сынады. Ол өз жаттығуын 13.233 ұпайға орындап, жетінші орыннан көрінді.
Айта кетейік, Challenge Cup турнирінің шешуші кезеңдері әлі жалғасуда. Ертең өтетін финалдық жарыстарда Қазақстан намысын Роман Маменов қорғайды. Ол тіреп секіру бағдарламасында жүлдеге таласады.