«Пари Сен-Жермен» Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды
Луис Энрике баптайтын команда тағы бір мәрте Еуропадағы өз үстемдігін дәлелдеп, клуб тарихындағы алтын дәуірін жалғастыруда.
«ПСЖ» Фк
Еуропа футболындағы ең беделді турнир - Чемпиондар лигасының финалында Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы Англияның «Арсеналын» пенальти сериясында жеңіп, қатарынан екінші мәрте турнир жеңімпазы атанды.
Будапешт қаласындағы «Пушкаш Аренада» өткен шешуші кездесуде есепті лондондық клуб ашты. Матчтың 5-минутында Кай Хаверц қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Арсеналды» алға шығарды. Леандро Троссардтың белсенді әрекетінен кейін туындаған сәтті шебер пайдаланған неміс шабуылшысы допты Матвей Сафонов қорғаған қақпаның тоғыздығына бағыттады.
Алайда үзілістен кейін Луис Энрике шәкірттері таразы басын теңестірді. Хвича Кварацхелия айып алаңында ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік айып добын Усман Дембеле мүлтіксіз орындап, есепті 1:1-ге жеткізді.
Қалған уақытта екі команда да жеңіс голын соғуға тырысқанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Қосымша уақытта да қауіпті сәттер аз болып, финал тағдыры пенальти сериясында шешілді.
Пенальтиде «Арсенал» қақпашысы Давид Райя Нуну Мендештің соққысын қайтарғанымен, оның командаластары Эберечи Эзе мен Габриэл өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал париждік футболшылар шешуші сәтте мүлт кеткен жоқ (пенальти - 4:3).
Осылайша «Пари Сен-Жермен» Чемпиондар лигасының кубогын екінші жыл қатарынан жеңіп алып, турнир тарихындағы ерекше жетістікке қол жеткізді. Париж клубы Чемпиондар лигасында титулын қорғаған алғашқы команда атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге соңғы рет 2018 жылы мадридтік «Реал» қол жеткізген болатын.