Анна Данилина «Ролан Гарроста» екі бірдей сында ширек финалға шықты

Биыл қазақстандық теннисшілерден «Ролан Гарроста» тек Анна Данилина ғана ширек финалға дейін жетті.

Анна Данилина «Ролан Гарроста» екі бірдей сында ширек финалға шықты ktf.kz

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатында табысты өнер көрсетіп, бірден екі санатта ширек финалға жолдама алды.

Әйелдер арасындағы жұптық жарыстың үшінші айналымында қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге Украина өкілдері Даяна Ястремская мен Ангелина Калининаны жеңді. Екі сетке созылған кездесу 6:4, 6:4 есебімен аяқталды.

Екінші нөмірмен тіркелген Данилина мен Крунич жартылай финал жолдамасын Нидерланд теннисшісі Деми Схюрс пен австралиялық Эллен Перес немесе Людмила Самсонова мен Беатрис Хаддад Майя жұбына қарсы сарапқа салады.

Сонымен қатар Анна Данилина аралас жұптар арасындағы жарыста да жеңісті жолын жалғастырып келеді. Қазақстандық теннисші америкалық Джеймс Трэйсимен бірге норвегиялық Ульрикке Эйкери мен австриялық Лукас Мидлерден басым түсті. Тартысты өткен матч 6:1, 4:6, 10:8 есебімен аяқталды.

Осылайша Данилина мен Трэйси жұбы аралас сындағы ширек финалға шықты. Енді олар Италияның Сара Эррани мен Андреа Вавассори немесе Венгрияның Фанни Столлар мен америкалық Кристиан Харрисон жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу