Михаил Шайдоровтың мәселесі шешімін тапты
Михаил Шайдоров келісімшартқа қол қойды.
Getty Images
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа қатысты қоғамда талқыланған келісімшарт мәселесі өз шешімін тапты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ресми мәлімдеме жасап, тараптардың ортақ келісімге келгенін хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, Михаил Шайдоровтың командасына келісімшарт жолданып, құжатқа қол қойылған. Қол қою рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіліп, келісімшарттың барлық тармағы жан-жақты талқыланған.
«Тараптар ортақ мәмілеге келді. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді», - деді Серік Жарасбаев.
Ол сондай-ақ Михаил Шайдоровтың Қазақстан спорты үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Михаил Шайдоров - отандық спорттың мақтанышы. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз», - деді вице-министр.
Белгілі болғандай, 5 маусым күні Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін АҚШ-қа аттанады. Бұған дейін спортшы өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келіп, ведомство өкілдерімен кездесу өткізеді.
Кездесу барысында алдағы жарыстарға дайындық, келесі Олимпиада ойындарына қатысу жоспары және Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамыту мәселелері талқыланбақ.
Осылайша, соңғы уақытта көпшіліктің назарында болған келісімшарт мәселесі толық шешіліп, тараптар өзара келісімге қол жеткізді.