Финляндия хоккейден бес дүркін әлем чемпионы атанды
Ойын тағдырын овертаймда соғылған жалғыз шайба шешті.
Getty Images
Швейцарияда өткен хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды. Финалдық кездесуде Финляндия құрамасы айдын иелері Швейцарияны 1:0 есебімен жеңіп, тарихында бесінші рет әлем чемпионы атанды.
Тартысты өткен матчтың негізгі уақытында командалар есеп аша алмады. Чемпион тағдыры овертаймда шешілді. Қосымша уақыттың 11-минутында 20 жастағы шабуылшы Конста Хелениус жеңіс шайбасын соғып, Финляндия құрамасына алтын медаль сыйлады.
Осылайша финляндиялық хоккейшілер әлем чемпионатындағы бесінші титулын иеленді. Бір қызығы, швейцариялықтар турнир барысында тек бір ғана матчта жеңіліс тапты. Алайда дәл сол жеңіліс финалда тіркеліп, команда қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының алтын жүлдесінен қағылды. Бұған қоса, олар үшінші жыл қатарынан финалда бірде-бір шайба соға алмады.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде Норвегия құрамасы Канаданы 3:2 есебімен жеңіп, тарихи жетістікке жетті. Норвегиялықтар өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдесін иеленді. Ал әлем чемпионаттарының 28 дүркін жеңімпазы Канада бұл жолы медальсыз қалды.
Хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионаты 15-31 мамыр аралығында Швейцарияда өтті.