Александр Винокуров Рим Папасына қазақстандық велокоманданың жейдесін сыйға тартты
Рим Папасы қазақстандық велокоманданы «Джиро д’Италиядағы» жетістігімен құттықтады.
XDS Astana Team
Қазақстандық XDS Astana Team велокомандасы халықаралық аренада тағы бір мәрте зор құрметке ие болды. Олимпиада чемпионы әрі команданың бас менеджері Александр Винокуров Ватикан басшысы Папа Лев XIV-ке қазақстандық ұжымның арнайы жейдесін тарту етті.
Өз кезегінде Рим Папасы XDS Astana Team спортшыларын беделді «Джиро д’Италия» көпкүндігінде көрсеткен жарқын өнерімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа жеңістер мен толағай табыстар тіледі.
Биылғы маусымдағы алғашқы Гранд-тур саналатын «Джиро д’Италия» 31 мамыр күні Рим қаласында мәресіне жетті. Бұл дода XDS Astana Team үшін соңғы жылдардағы ең сәтті жарыстардың бірі болды. Қазақстандық команда үш кезеңде жеңіске жетіп, жарыс барысында көшбасшының әйгілі қызғылт жейдесін де иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша XDS Astana Team 1565 ұпай жинап, Халықаралық велосипедшілер одағының әлемдік командалар рейтингіндегі бесінші орнын сақтап қалды.