Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалына жолдама алды
Заңғар Нұрланұлы америкалық Агасси Рашерді еш қиындықсыз жеңді.
ktf.kz
17 жасар қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатының екінші айналымында жеңіске жетті.
Жарыстың 8-ші нөмірлі ойыншысы болып тіркелген отандасымыз америкалық Агасси Рашерді екі сетте тас-талқан етті - 6:2, 6:1. Кездесу бар-жоғы 1 сағат 6 минутқа созылды, бұл уақытта Нұрланұлы корттағы жағдайды толықтай өз бақылауында ұстады.
Осы табысының арқасында Заңғар Париждегі беделді Үлкен дулыға турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Ширек финал жолдамасы үшін ол Янник Альварес (Пуэрто-Рико) – Леонардо Шторк Франка (Бразилия) текетіресінің жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, Париждегі кортта бүгін Заңғар Нұрланұлына ерекше қолдау көрсетілді. Жас таланттың маңызды матчына Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов арнайы барып, трибунадан жеке өзі жанкүйер болды.