Қазақстан боксшылары Әлем кубогіне соңғы дайындық кезеңін бастады
Бүгін Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайға жол тартты.
ашық дереккөзден
Қазақстанның әйелдер және ерлер бокс құрамалары Қытайдың Гуйян қаласында өтетін World Boxing ұйымының Әлем кубогі кезеңіне дайындық жұмыстарын қызу жүргізуде.
Бас бапкер Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен әйелдер құрамасы Қытайға аттанды. 15-21 маусым аралығында өтетін жарыс қарсаңында Гуйян қаласында ауқымды халықаралық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Дайындық жиынына әлемнің 19 елінен келген командалар қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Бразилия, Өзбекстан, Италия, Франция және Оңтүстік Корея сынды бокс державалары бар.
Халықаралық жиынға Қазақстан атынан Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Элина Базарова, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Лаура Есенгелді, Наталья Богданова, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова қатысады.
Ал ерлер құрамасы Түркістан облысындағы Алматау базасында соңғы дайындық кезеңін өткізуде. Бірлескен оқу-жаттығу жиынына Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан құрамалары қатысып жатыр. Тәжірибе алмасу мен спаррингтік кездесулерге негізделген жиын боксшылардың жарыс алдындағы бабын шыңдауға мүмкіндік береді.
Гуйяндағы Әлем кубогі кезеңі маусым айындағы басты халықаралық жарыстардың бірі саналады. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері аталған додада жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғауды мақсат етіп отыр. Түркістандағы жаттығу жиындары аяқталған соң ерлер құрамасы да Қытайға аттанып, Әлем кубогінде бақ сынайды.