Бибісара Асаубаева Norway Women Chess шахмат турнирінде көшбасшылығын нығайтты
Бибісара Асаубаева турнирде басты қарсыласынан 5 ұпайға озып кетті.
ашық дереккөзден
Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан Norway Women Chess халықаралық шахмат турнирінде қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева кезекті маңызды жеңісіне қол жеткізді.
Турнирдің сегізінші турында Бибісара үндістандық Дивья Дешмухпен кездесіп, қара тастармен ойнап, классикалық партияда басым түсті. Кездесу барысында қарсыласының қысымына төтеп берген қазақстандық шахматшы уақыт тапшылығын тиімді пайдаланып, ойын тізгінін өз қолына алды. Нәтижесінде ойынды сәтті аяқтап, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Бұл жеңіс Бибісара Асаубаеваға турнирлік кестедегі көшбасшылық орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта ол 15,5 ұпай жинап, жарыстың аяқталуына екі тур қалғанда чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі болып отыр.
4 маусымда өтетін тоғызыншы турда Бибісара Украина өкілі Анна Музычукпен кездеседі.