Пеленің жейдесі аукционға қойылды

Sotheby’s аукцион үйі бұл лоттың бастапқы бағасын 6 миллион доллардан жоғары деп бағалап отыр.

Пеленің жейдесі аукционға қойылды fakty.ua

Әлемдік футбол тарихындағы ең құнды жәдігерлердің бірі саналатын Пеленің 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында киген жейдесі аукционға шығарылды. 

Сарапшылардың пікірінше, бұл жейде Пеленің жеке коллекциясынан сатылған ең қымбат спорттық бұйымға айналуы мүмкін. Сонымен қатар, ол футбол жейделері арасындағы рекордты жаңартуы ықтимал.

Қазіргі рекорд аргентиналық аңыз Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатында киген жейдесіне тиесілі. Ол 2022 жылы 9,28 миллион долларға сатылған болатын.

1958 жылғы әлем чемпионатының финалында Пеле небәрі 17 жаста еді. Ол Швеция құрамасының қақпасына екі гол соғып, Бразилияның 5:2 есебімен жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты. Осылайша, ол әлем чемпионаты финалында гол соққан ең жас футболшы ретінде тарихта қалды.

Ойыннан кейін Пеле жейдесін командаласына сыйға тартқан. Кейін бұл жәдігер ұзақ жылдар бойы футболшының отбасының қолында сақталып, 1993 жылы Эдвалдо Алвес Санта-Роза атындағы спорт музейінің коллекциясына өткізілді. 2011 жылы музей жейдені аукционға шығарып, оны белгісіз сатып алушы 105 мың долларға иеленген еді. Енді сол иесі тарихи құндылықты қайта сатуға шешім қабылдады.

Аукцион саудасы 29 маусым мен 16 шілде аралығында өтеді.

Пеле футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі саналады. Ол әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған жалғыз футболшы (1958, 1962, 1970). Спорттық мансабын 1977 жылы аяқтағаннан кейін Бразилияның спорт министрі қызметін атқарып, Біріккен Ұлттар Ұйымының экология мәселелері жөніндегі елшісі болды. Аңыз ойыншы 2022 жылы ұзаққа созылған сырқаттан кейін дүниеден өтті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу