Жәнібек Әлімханұлы тарихи жекпе-жекке дайындықты бастады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Шымкент қаласына келіп, ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына қосылды.
ашық дереккөзден
Орта салмақтағы әлем чемпионы алдағы жекпе-жектерге дайындық аясында Қазақстан құрамасының боксшыларымен бірге спаррингтер өткізуде.
Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында алғашқы жаттығуларынан видео жариялап, дайындық жұмыстарының басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасы Түркістан облысындағы «Алматау» базасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жиынға Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан құрамалары да қатысуда.
Бұл оқу-жаттығу жиыны Қытайдың Гуйян қаласында өтетін Әлем кубогының екінші кезеңі алдындағы соңғы дайындық кезеңдерінің бірі саналады. Халықаралық деңгейдегі боксшылардың қатысуы қазақстандық спортшылардың тәжірибе алмасуына және шеберліктерін арттыруына мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жекке қызу дайындық басталғанын мәлімдеген болатын.
«Алдағы жекпе-жекке дайындығымды бастап кеттім. Бұйыртса, жақын күндері үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін шетелге аттанамыз. Алдымызда үлкен мақсат тұр. Тарих жасау жолындағы жорығымызды жалғастырамыз», - деген еді боксшы.
Жанкүйерлер енді Әлімханұлының рингке қашан оралатынын тағатсыздана күтуде.