Михаил Шайдоров жас спортшыларға сыйлық жасады

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас спортшыларға ерекше тарту жасады.

Михаил Шайдоров жас спортшыларға сыйлық жасады Threads/ Mikhail Shaidorov

Михаил Шайдоров Алматы қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын жас мәнерлеп сырғанаушылармен кездесіп, оларға кәсіби спорттық құрал-жабдықтар алуға арналған сертификаттар табыстады. Жалпы саны 30 балаға 200 мың теңгеден беріліп, қолдаудың жалпы көлемі 6 миллион теңгені құрады.

Михаил Шайдоров бұл бастаманың басты мақсаты - жас спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың өз күшіне деген сенімін арттыру екенін айтты.

«Мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балалармен кездесіп, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шағын сыйлық жасадық. Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет! Балаларға жағымды эмоция сыйлап, өз күштеріне деген сенімін арттыра алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да сүйікті спортымыздағы мүмкіндігінше көп баланы қолдауға тырысамын», - деп жазды спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл игі қадам жас спортшылардың мотивациясын арттырып қана қоймай, елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына да оң ықпал етпек. Өзінің жетістіктерімен ғана емес, өскелең ұрпаққа жанашырлығымен де танылған Михаил Шайдоров көптеген жас спортшыға үлгі болуда.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу