Бибісара Асаубаева мерзімінен бұрын Norway Chess турнирінің чемпионы атанды
Бүгін тоғызыншы турда Бибісара украиналық тәжірибелі шахматшы Анна Музычукты жеңді.
Getty Images
Бибісара Асаубаева әлемдегі ең беделді шахмат жарыстарының бірі саналатын Norway Chess әйелдер турнирінің жеңімпазы атанды. Отандасымыз жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда қарсыластарынан оқ бойы озып, чемпиондықты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Тоғызыншы турда Бибісара украиналық тәжірибелі шахматшы Анна Музычукпен кездесіп, негізгі партияны тең аяқтады. Кейін өткен қосымша партияда да тартысты ойын көрсетті. Бұл кездесуде жинаған ұпайы қазақстандық спортшыға турнир кестесіндегі көшбасшылығын нығайтып, чемпиондық атақты мерзімінен бұрын иеленуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Асаубаеваның еншісінде 16,5 ұпай бар. Ал Анна Музычук 11,5 ұпаймен қалып келеді. Үндістандық Дивья Дешмух пен қытайлық Чжу Цзиньэр 10 ұпайдан жинап, кейінгі орындарға жайғасқан.
Осылайша, соңғы турдың нәтижесіне қарамастан, Бибісараны ешбір қарсыласы қуып жете алмайды.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 1 690 000 норвегиялық кронды құрайды. Бірінші орын үшін 700 000, екінші орынға 350 000, ал үшінші орынға 200 000 крон сыйақы беріледі.