Қазақстандық балуан Моңғолияда өткен турнирде күміс жүлдеге қол жеткізді

Нұрасыл Аманалы финалда үндістандық балуанға жол берді.

Қазақстандық балуан Моңғолияда өткен турнирде күміс жүлдеге қол жеткізді olympic.kz

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнир басталды. Жарыстың алғашқы күнінде бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты.

Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Нұрасыл Аманалы 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетті. Ол жартылай финалда оңтүстіккореялық Минхо Лиді 10:4 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Шешуші белдесуде қазақстандық балуан үндістандық Нитешпен күш сынасты. Тартысқа толы өткен кездесуде қарсыласы 13:9 есебімен басым түсіп, Нұрасыл Аманалы турнирдің күміс жүлдесін иеленді.

Ал 72 келіге дейінгі салмақта Қазақстан өкілі Сұлтан Әсетұлы қола медаль үшін Қырғызстан балуаны Жанторо Мирзалиевпен белдесті. Алайда бұл кездесуде қарсыласы жеңіске жетіп, қазақстандық спортшы жүлдеден тыс қалды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен Ұлан-Батырдағы халықаралық рейтингтік турнирді бір күміс медальмен бастады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу