Қазақстан әйелдер құрамасы Армениямен тең тарқасты

Қазақстан құрамасы сапынан Әмина Бибосынова мергендігімен көзге түсті.

Қазақстан әйелдер құрамасы Армениямен тең тарқасты Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы матчын өткізіп, Армениямен тең түсті.

Сырт алаңда өткен кездесуде есепті алаң иелері ашты. Матчтың 35-минутында Светлана Карагезян қарсылас қақпасын дәл көздеп, өз командасын алға шығарды. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Үзілістен кейін Бегайым Қырғызбаеваның шәкірттері ойын тізгінін өз қолына алып, шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде 70-минутта Әмина Бибосынова есепті теңестіріп, Қазақстан құрамасын жеңілістен құтқарды. Кездесудің қалған бөлігінде екі команда да жеңіс голын соғуға талпынғанымен, есеп өзгеріссіз қалды - 1:1. Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін тең нәтижемен қорытындылады.

Сондай-ақ Қазақстан ерлер құрамасы алдағы жолдастық кездесулерге қатысу үшін бүгін Арменияға келіп жетті. Ұлттық құрама алғашқы ойынын 6 маусым күні Ереванда Армения құрамасына қарсы өткізеді. Матч «Вазген Саркисян» атындағы республикалық стадионда өтеді.

Одан кейін, 9 маусым күні Талғат Байсуфинов шәкірттері Мажарстан құрамасымен күш сынасады. Бұл кездесу Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында ұйымдастырылады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу