Ұлан-Батырдағы табысты күн: Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті

Грек-рим күресінен спортшыларымыз тамаша нәтиже көрсетті.

Ұлан-Батырдағы табысты күн: Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті ашық дереккөзден

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасы жүлде қорын тағы да толықтырды. Жарыстың кезекті күнінде отандастарымыз үш қола медаль жеңіп алыды. 

Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта белдескен Еркебұлан Ардақов қола жүлде үшін өткен кездесуде Оңтүстік Корея өкілі Хёнун Чхвені жеңіп, үздік үштікке енді. Ал аса ауыр салмақтағы Олжас Сырлыбай (130 келіге дейін) үндістандық Джогиндер Ратхиден басым түсіп, турнирді қола медальмен аяқтады.

Әйелдер күресінде де Қазақстан қоржынына жүлде түсті. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нилуфар Раимова сингапурлық Даниэль Сью Чинг Лимді жеңіп, үшінші орынға ие болды.

Өкінішке қарай, барлық қола жүлде үшін өткен белдесулер сәтті аяқталған жоқ. 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Марал Тәңірбергенова шешуші кездесуде жеңіліп қалды.

Сондай-ақ тәжірибелі балуан Жәмила Бақбергенова да жарысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. 72 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін күресуі тиіс болған қазақстандық спортшы жарақатына байланысты турнирден шығып қалды.

Ал, 6-маусым күні қазақстандық жанкүйерлер әйелдер және еркін күрес шеберлерінің өнерін тамашалайды. Әйелдер күресінен 55 келіде Лаура Әлмағанбетова, 68 келіде Ирина Казюлина, ал 76 келіде Гүлмарал Еркебаева мен Эльмира Сыздықова боз кілемге шығады.

Еркін күрестен ерлер арасында 74 келіде Дархан Есенғали, 86 келіде Болат Сақаев, ал 92 келі салмақта Азамат Дәулетбеков, Бекзат Аманғали және Елнар Шілдебай ел намысын қорғайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу