Қазақстан ерлер құрамасы Армениямен тең түсті
Құрамамыз сапынан Максим Самородов көзге түсті.
kazfootball
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Арменияға қарсы жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Еревандағы Вазген Саркисян атындағы республикалық стадионында өткен кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ.
Матчтың алғашқы таймында алаң иелері белсендірек ойын көрсетіп, допты бақылауда ұстауға тырысты. Дегенмен екі команда да үзіліске дейін есеп аша алмады.
Екінші таймның 50-минутында Қазақстан құрамасы алға шықты. Максим Самородов қарымта шабуылды сәтті аяқтап, қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Алайда араға үш минут салып Армения құрамасының капитаны Эдуард Сперцян есепті теңестірді.
Кездесудің қалған бөлігінде тараптар жеңіс голын соғуға ұмтылғанымен, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде матч 1:1 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының маусым айындағы алғашқы жолдастық кездесуі болды. Енді ұлттық құрама 9 маусым күні сырт алаңда Венгрия құрамасына қарсы ойнайды.